Қостанай облысында жол жөндеу саласында 35 млн теңге жымқырылмақ болған
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша анықталған заңбұзушылықтар жойылды
Қостанай облысының Бейімбет Майлин аудандық прокуратурасы жүргізген талдау аясында жол жөндеу саласындағы заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметінше, 1,9 млрд теңге сомасына бағаланған 8 жол учаскесі бойынша жасалған шарттарда кепілдік мерзімдерінің болмағаны белгілі болды, бұл мердігерлердің орындалған жұмыстардың сапасына жауапкершіліктің алмау қаупін туындатқан.
Сонымен қатар, құны 720 млн теңге болатын жол учаскесін жөндеу мерзімдерін бұзған мердігерге қатысты шаралар уақытылы қабылданбағаны анықталды.
«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша анықталған заңбұзушылықтар жойылды: мемлекеттік сатып алу шарттарына қосымша келісімдер жасалып, үш жыл мерзімге кепілдік міндеттемелер енгізілді, сондай-ақ бюджетке 35,6 млн теңге көлемінде айыппұл (тұрақсыздық айыбы) қайтарылды.
Мемлекеттік сатып алулар мен жол жөндеу саласына қадағалау жалғасып жатыр», – делінген прокуратураның хабарламасында.