Үміт отын жаққан ота: Атырауда бедеулікке шалдыққан ер адам жаңа әдіспен әке атануы мүмкін

Автор: Мөлдір Қазыбай

Азооспермия диагнозы қойылған науқасқа жоғары технологиялы ота жасалды

Фото: pixabay.com

Атырау облысында алғаш рет азооспермия диагнозы қойылған ер адамға микро-TESE әдісімен микрохирургиялық операция жасалып, ұрық алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл – өңірде бұрын-соңды жасалмаған жоғары технологиялы медициналық араласу. Азооспермия – ерлердің репродуктивтік жүйесіндегі ең ауыр патологиялардың бірі. Мұндай диагноз қойылған жағдайда ер адамның шәуетінде сперматозоидтар мүлде болмайды, сондықтан табиғи жолмен бала сүю мүмкіндігі шектеледі.

Микро-TESE әдісі заманауи микроскопиялық технологияларды қолдана отырып, аталық без тінінен ең аз зақым келтіре отырып сперматозоид табуға мүмкіндік береді. Алынған биоматериал кейін экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) бағдарламасы аясында пайдаланылады.

«Ота жоғары дәлдіктегі микроскопиялық жабдықтар арқылы жасалды. Барлық кезеңі кәсіби деңгейде сәтті өтті. Алынған материал ЭКО процесіне қолдануға толық дайын. Бұл – Атырау облысында микро-TESE әдісімен жасалған алғашқы операция. Осы қадам өңірдегі репродуктивтік медицинаның жаңа даму кезеңін бастап отыр. Алдағы уақытта бұл инновациялық тәсіл көптеген отбасыға ата-ана болу бақытына қол жеткізуге мүмкіндік береді деп сенеміз», – делінген ресми мәлімдемеде. 

Айта кетейік, бірегей операцияны Атырау облыстық ауруханасының уролог-андролог дәрігері Дулат Бекқалиев сәтті жүзеге асырды. Мамандардың айтуынша, мұндай күрделі отаның өңірде жасалуы – жергілікті медицинаның әлеуеті артқанын көрсетеді.