$ 510.43  594.86  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркістан облысында қауіпті инфекциялар көбейді: 1400 адамды кене шақты

Өңірде қауіпті жұқпалы аурулар көбейген

Түркістан облысында қауіпті инфекциялар көбейді: 1400 адамды кене шақты
Фото: pixabay.com

Түркістан облысында былтыр қауіпті жұқпалы аурулар көбейіп, кене шаққан тұрғындар саны 1400-ге жуықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен жылы өңірде бруцеллездің 84 жағдайы анықталған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 78 дерекке көп. Ауру жұқтырғандардың 29-ы – кәмелет жасына толмаған балалар. Сонымен қатар, туберкулездің 514, ал Сібір жарасының 4 жағдайы тіркелген.

Департамент басшысы Нұрбек Нышанов Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қатысты ахуалды баяндады.

«2025 жылдың 26 қарашасына дейін Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына шалдыққан 7 науқас тіркелді. Оның ішінде Созақ, Отырар, Сауран аудандарында – 2, Ордабасы ауданында – 1 жағдай анықталды. Бұл дерттен өлім жағдайы тіркелген жоқ. Сонымен қатар, жыл басынан бері кене шағып, медициналық ұйымдарға жүгінген 1373 адам 14 күндік медициналық бақылауға алынды», – деді департамент басшысы

Ветеринариялық қызмет те дабыл қағып отыр. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, өңірде 4,1 млн-нан астам ұсақ мал, 893 мың ірі қара және 17 мыңға жуық өзге жануар тексерілген. Тексеру нәтижесінде бруцеллез анықталған 327 ұсақ мал мен 106 ірі қара арнайы ет өңдеу кәсіпорнына өткізілген.

Ауру ошақтарында кешенді тексеру жүргізіліп, сыртқы ортадан алынған 153 сүт өнімінің сынамасы зерттелген. Оң нәтиже шыққан аумақтарда залалсыздандыру жұмыстары атқарылды.

Өңірде иесіз жануарлар мәселесі де ушығып тұр. Әкімдіктер бөлген 88 млн теңгеден астам қаржыға 18 арнайы аулау тобы жасақталып, 45 822 ит пен 2 094 мысық жойылған.

Облыстық «Ветеринариялық зертхана» мәліметінше, құтыруға тексерілген 63 сынаманың үшеуінен қауіпті вирус анықталған. Атап айтқанда, Отырар ауданында бір шибөрі, Түркістан қаласында екі иттен құтыру дерті табылған.

Адамдар арасында құтыру тіркелмегенімен, жануарлардан жарақат алған 5994 тұрғынға профилактикалық екпе салынып, медициналық бақылауға алынған.

Сонымен қатар облыста зоонозды тері лейшманиозының 56 жағдайы анықталды. Табиғи ошақ саналатын Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласына қарасты 32 елдімекенде бұл аурудың алдын алу үшін жыл сайын екі кезеңмен дезинсекция және дератизация жұмыстары жүргізіліп келеді.

Серіктес жаңалықтары