«Өртті қымызбен сөндірмек болған»: Кентауда қаза тапқан жас жігіттің туыстары әділдікті талап етті

Автор: Асыл Арман

Марқұмның денесінің 90 пайызын күйік шалған

Фото: T.me/Jagdai

Кентауда газ жарылысы салдарынан ауыр күйік алған 20 жастағы Бақдәулет Мұса ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қымызхананың асханасында болған жарылыста марқұмның денесінің 90 пайызын күйік шалған. Марқұмның туыстары мекемеде өрт сөндіргіш құралдарының болмағанын, жалын шарпыған жігітті қымызбен өшіруге тырысқанын айтып отыр.

Желідегі мәліметке сүйенсек, дәрігерлер сегіз күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, студентті аман алып қала алмады.

Қайғылы оқиғадан оның қалыңдығы да қаза болды. 18 жастағы Дана жарылыс болған күні оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Қайғылы жағдайдан бір күн бұрын ғана жас жұп Бақдәулеттің туған күнін атап өтіп, көктемде үйленуді жоспарлаған. Марқұм болашағынан үміт күттірген футболшы болған, ал аталған дәмханада аспаз болып бар-жоғы бір ай жұмыс істеген.

Марқұмның отбасы кінәлілердің заң аясында қатаң жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Туыстарының айтуынша, мекемеде өрт қауіпсіздігі талаптарының мүлде сақталмауы бұл оқиғаны жай ғана жазатайым жағдай емес, екі жастың өмірін қиған ауыр трагедияға айналдырған.

Айта кетейік, осыған дейін Кентауда газ жарылып, бір адам қаза тапқаны хабарланған болатын.