Боран мен көктайғақ қыспаққа алады: 13 өңірде дауылды ескерту жарияланды
Қатты жел, қалың тұман мен аяз жол қозғалысын қиындатуы мүмкін
Қазгидрометтің болжамынша, 14 қаңтарда боран, көктайғақ, тұман мен екпінді жел тсоғады. Сондықтан елдің 13 өңірінде дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қостанай облысының оңтүстігінде жаяу бұрқасын соғып, өңірдің батысы, солтүстігі мен шығысында қою тұман түседі. Солтүстік-шығыстан және шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетуі мүмкін.
Түркістан облысының солтүстігі мен таулы аймақтарында тұман күшейіп, асуларда жел екпіні 15–20 м/с-қа дейін артады. Мамандар бұл бағытта жүрген көліктерге аса сақ болуды ескертеді.
Батыс Қазақстан облысында қар жауып, боран соғады, көктайғақ болады. Кей аумақтарда тұман түсіп, жел 20 м/с-қа дейін күшейеді. Орал қаласында түнгі және таңғы уақытта көріну қашықтығы күрт төмендейді.
Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында тұман мен көктайғақ күтіледі. Жел екпіні кей жерде 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Облыс орталығында да жол қозғалысы қиындайды.
Жетісу облысының шығысы мен таулы аймақтарын тұман басып, солтүстік-шығыстан соғатын жел 20 м/с-қа дейін күшейеді. Талдықорған тұрғындарына таңертең сақ жүруге кеңес беріледі.
Ақмола облысының батысы, солтүстігі және шығысында тұман түсіп, жолдар мұзға айналады. Желдің екпіні 15–20 м/с. Көкшетауда да көлік қозғалысы қиындауы мүмкін.
Атырау облысының солтүстігі мен батысында жаңбыр мен қар аралас жауын жауып, көктайғақ пен жаяу бұрқасын күтіледі. Қалада тұман жиілейді.
Маңғыстау облысында да ауа райы күрт бұзылып, жаңбыр мен қар аралас жауын, көктайғақ болады. Жел 20 м/с-қа дейін күшейіп, Ақтауда да дауылды жағдай қалыптасады.
Абай облысында түнде қар жауып, тұман түседі. Күндіз жаяу бұрқасын соғады. Семейде аяз күшейіп, түнде -23 градусқа дейін төмендейді.
Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде қар жауып, солтүстігі мен шығысында боран мен тұман күтіледі. Өскеменде түнгі температура -20 градусқа дейін төмендейді.
Ақтөбе облысында жаяу бұрқасын соғып, жел екпіні кей сәттерде 25 м/с-қа жетуі мүмкін. Қалада да қатты жел күтіледі.
Ұлытау облысының солтүстігі, шығысы мен орталығында тұман басып, жел күшейеді. Жезқазғанда да көріну қашықтығы төмендейді.
Қарағанды облысында да тұман түсіп, жел екпіні артады. Облыс орталығында жолдағы жағдай күрделене түсуі мүмкін.
Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты сақ болуға, ал жолға шығатындарды аса мұқият жүруге шақырады. Құтқарушылар қажетсіз сапарлардан бас тартып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді.