$ 509.75  594.67  6.46
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

МӘМС бар, ал ем жоқ: бір жылда қазақстандықтар 700 мың рет шағымданды

Медициналық сақтандыру қоры «бәрі бақылауда» дейді, ал халық дәрі-дәрмек пен қабылдауға жете алмай жүр

МӘМС бар, ал ем жоқ: бір жылда қазақстандықтар 700 мың рет шағымданды
Фото: pixabay.com

2025 жылы қазақстандықтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының арналарына 701 мыңнан астам өтініш жолдаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресми дерек бойынша бұл – алғыс пен сұрақты қосқандағы көрсеткіш. Бірақ сандардың астарында жүйеге деген жаппай наразылық жатыр. Қор мәліметінше, азаматтар көбіне МӘМС жарнасын қалай төлеу керегін емес, неге төлеп тұрып қызмет ала алмай жүргенін сұраған. Дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмау, емханаға жазыла алмау, жолдама алу үшін апталап күту – ең жиі көтерілген мәселелер. Сондай-ақ халық жеңілдіктер тізімі, қызмет көрсету талаптары мен медициналық стандарттардағы өзгерістерге байланысты түсіндірме сұрауды да жиілеткен.

Жыл қорытындысы бойынша Қор жүйесіне ресми түрде 23 022 шағым тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15% аз. Дегенмен, мәселе түбегейлі шешілді деуге әлі ерте. Қайтарып алынған немесе сол жерде шешілген шағымдардың үлесі де артқан. Егер 2024 жылы бұл көрсеткіш 46,2% болса, 2025 жылы 50,2% жеткен.

Нақтырақ айтқанда, түскен 23 022 шағымның 11 578-і пациенттерді қолдау қызметтері мен медициналық ұйымдардың ішкі сараптама бөлімдері арқылы «осы жерде және дәл қазір» қағидаты бойынша шешілген.

Ең көп шағым түскен мәселелер қатарында:
– медициналық көмектің сапасыз көрсетілуі – 8 678 өтініш (37,7%);
– медициналық қызмет көрсетуден бас тарту – 8 520 өтініш (37%);
– ТМККК және МӘМС аясында дәрі-дәрмек беруден бас тарту – 3 210 өтініш (13,9%).

Бұл деректер қазақстандықтардың басым бөлігі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына, сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамту мәселесіне алаңдайтынын көрсетеді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Жұлдыз Рамазанованың айтуынша, МӘМС жүйесі іске қосылғаннан бері азаматтармен кері байланыс орнатуға арналған бірнеше арна тұрақты жұмыс істеп келеді.

«Қорда msqory.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және 1414 байланыс орталығы арқылы түскен барлық өтінімдер міндетті түрде қаралады. Әрбір өтініш толық шешімін тапқанға дейін бақылауда болады», – деді ол.

Қор өкілдері азаматтардан келіп түскен өтініштерді жүйелі талдау денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл кері байланыс МӘМС пен ТМККК аясында медициналық көмектің ашықтығын арттырып, оның қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған.

Серіктес жаңалықтары