Абай облысында WhatsApp-тағы жанжал адам өлімімен аяқталды
Сот танысын пышақтап өлтірген ер адамға 10 жыл жаза кесті
Абай облысында WhatsApp мессенджеріндегі жанжалдан кейін танысын өз үйінің ауласында пышақтап өлтірген ер адам 10 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Сот мәліметінше, айыпталушы Г. мен марқұм П. арасында бұрыннан жеке келіспеушілік болған. Тараптар мессенджерде бір-біріне тіл тигізіп, қоқан-лоқы көрсеткен. Оқиға күні түнгі сағат 23:55 шамасында П. бірнеше досымен бірге Г.-ның үйіне барған.
«Г. мен марқұм П. арасында бұрыннан жеке араздық болған. Олар WhatsApp мессенджерінде бір-біріне тіл тигізіп, қоқан-лоқы көрсеткен. Оқиға күні түнгі сағат 23:55 шамасында П. бірнеше досымен бірге Г.-ның үйіне келген. Үйдің ауласында екеуі сөзге келіп, арты төбелеске ұласқан. Қақтығыс кезінде алкогольдік масаң күйде болған Г. қолындағы пышақпен П.-ның кеуде тұсынан бір рет сұғып алған», – делінген хабарламада.
Ауыр жарақат алған ер адам ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, күдікті істеген әрекетінің салдарын толық түсінген және ол сәтте эмоцияға берілмеген. Яғни, физиологиялық аффект күйіне түспеген.
Тергеу кезінде белгілі болғандай, оқиғадан кейін ол жақындарына жазған хабарламаларында болған жайтты жасырмай айтып, пышақ қолданғанын мойындаған. Сондай-ақ, заң алдында жауап беретінін де түсінгенін жеткізген. Ал жанжалға дейінгі хаттарынан оның күш қолдануы мүмкін екенін түсінуге болады. Сот осы жайттардың бәрін қасақана жасалған әрекет ретінде бағалады.
Сот жазаны жеңілдететін жайт ретінде айыпталушының бұрын сотталмағанын, мінездемесінің оң екенін және марқұмның да жанжалға себеп болғанын ескерді. Ал қылмысты мас күйінде жасауы – ауырлататын жағдай деп танылды.
Нәтижесінде, сот ер адамды 10 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын орта қауіпсіздіктегі колонияда өтеуге үкім етті.