Ақылды жүйе орталық қызметкерінің соққысын таспаға түсіріп, дабыл қаққан
Павлодар облысында прокуратура іске қосқан жасанды интеллект жүйесі 13 жастағы балаға жасалған зорлық-зомбылықты дер кезінде анықтап, қылмыстың бетін ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Оқиға психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған мамандандырылған орталықта болған. 2025 жылғы 30 желтоқсанда енгізілген ақылды бейнебақылау жүйесі аутизмі бар тәрбиеленушіге қатысты күш қолдану фактісін тіркеген. Бейнежазбада орталықтың күзетшісі баланы ұрып-соққаны анық көрінеді.
Жасанды интеллект агрессия белгілерін – ұру, айқайлау, баланың құлау сәтін – автоматты түрде танып, бірден құқық қорғау органдарына белгі берген. Осы деректер негізінде полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы («Соғу») бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Бұл – «Зорлық-зомбылыққа қарсы жасанды интеллект» жобасы аясында тіркелген екінші қылмыс. Бұған дейін жүйе орталықтағы санитардың да заңсыз әрекетін әшкерелеп, ол қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жұмысынан қуылған.
Прокуратура өкілдері бұл жобаның балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуда тиімді тетікке айналғанын атап өтті. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект тәулік бойы бейнеағынды бақылап, кез келген күмәнді әрекетке бірден назар аударады.