Мыңдаған сынаманың бір бөлігі санитарлық талапқа сай келмеген
Батыс Қазақстан облысында ауыз су мен тамақ өнімдерінің сапасына қатысты алаңдатарлық деректер анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенованың айтуынша, 2025 жылы орталықтандырылған су көздерінен алынған 4 163 сынаманың 210-ы (5%) санитарлық-химиялық талапқа сай келмеген.
«Сәйкессіздіктер Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек, Бәйтерек, Сырым, Тасқала, Теректі және Шыңғырлау аудандарында тіркелді», – деді ол.
Ал микробиологиялық көрсеткіштер бойынша жағдай одан да күрделі. 4 273 сынаманың 179-ы (4,2%) талапқа сай болмай шыққан. Бұл деректер жоғарыда аталған аудандармен қатар Бөрлі ауданында және Орал қаласында анықталды.
Орталықтандырылмаған су көздері де назардан тыс қалмаған. Бұл бағытта алынған 209 сынаманың 25-і санитарлық-химиялық талапқа сай келмесе, микробиологиялық тексеруден өткен 194 сынаманың 24-інен қауіпті көрсеткіштер анықталған. Сәйкессіздік бес ауданда тіркеліпті.
«Барлық сәйкессіздік жағдайлары бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілерге сумен жабдықтау нысандарын тазалау, жуу және дезинфекциялау қажеттігі туралы ресми хаттар жолданды», – деді Жаңабергенова.
Су ғана емес, дүкен сөрелеріндегі өнімдер де күдік тудырып отыр. Былтыр департамент мамандары 988 түрлі тауарды сатып алып, зертханалық тексеруден өткізген. Оның 618-і – азық-түлік, 370-і – азық-түлікке жатпайтын өнімдер. Нәтижесінде 331 сынамадан талапқа сай келмейтін көрсеткіштер анықталған. Соның ішінде 73-і – тікелей халық тұтынатын тамақ өнімдері.
«Бұзушылықтардың негізгі бөлігі өнімді таңбалау талаптарының сақталмауымен байланысты. Кейбір тауарларда өндіруші туралы мәлімет жоқ, жарамдылық мерзімі көрсетілмеген, өндірілген күні жазылмаған. Бұдан бөлек, ЕАЭО-ның бірыңғай таңбалау белгісі болмаған және мемлекеттік тілдегі ақпараттың жоқтығы да жиі кездеседі», – деді департамент басшысы.
Оның айтуынша, талапқа сай келмеген өнімдер сатылымнан алынып, кері қайтарылған. Бұл шаралар техникалық регламенттер мен Еуразиялық экономикалық одақтың санитариялық талаптарына сәйкес жүргізілген.