Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы туралы кітап ағылшын тілінде шықты
«Қазіргі заманғы қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы және дамуы» атты кітаптың таныстырылымы өтті
Жоғарғы Соттың Төрағасы Жақып Асанов «Қазіргі заманғы қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы және дамуы» атты кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасын таныстыру рәсімінде сөз сөйледі. Онлайн-тұсаукесерді «Астана» халықаралық қаржы орталығы Нұрсұлтан Назарбаев қорымен бірлесіп, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мерейтойына орай ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Жоғарғы Соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоғарғы Сот Төрағасы ағылшын тілді аудитория үшін басылым біздің мемлекеттілігіміздің қалыптасуы мен Елбасының рөлі туралы ең шынайы ақпарат көзі болатынына сенім білдірді. Спикер Бас прокуратураны басқарған тұстағы прокуратураның даму кезеңдері, оның өкілеттілігін жүзеге асыру қағидаттары және тағы басқалары туралы айтып берді.
Ж. Асанов тоқырауға түскен 90-жылдары мемлекеттің қалыптасуы кезінде Елбасы ерік-жігерімен қылмысқа қарсы күрескенін, күн сайын құқық қорғау органдары оның алдында есеп бергенін айтты.
«Осының арқасында бізде қылмыс саны тұрақты түрде азаюда. Міне, 24 жыл қатарынан аса қауіпті қылмыстарды азайтудың тұрақты үрдісі жүріп жатыр. Бұл кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық. Дәл осы қылмыс түрлері бойынша елдегі қауіпсіздікке баға беріледі. Бүгінде ең қолайлы 80-жылдармен салыстырғанда кісі өлімі екі есе аз, бірақ халық саны 25%-ға өсті», - деп атап өтті ол.
Айта кету керек, егер 90-жылдары түрмелерде 100 мың адам отырса, қазір 3 есе аз – 30 мың, егер бұрын түрмедегілердің саны бойынша әлемдік көшбасшылар үштігінде болсақ, бүгінде – жүздіктің санатындамыз.