Зейнетақы жинағымен емделу уақытша тоқтатылды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Отбасы банк бір реттік зейнетақы төлемдері арқылы медициналық қызмет алуға өтінім қабылдауды доғарды

Фото: istockphoto.com

2026 жылғы 12 қаңтар сағат 19:00-ден бастап enpf-otbasy.kz платформасында бір реттік зейнетақы төлемдері (БЗТ) есебінен медициналық қызмет алуға өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Отбасы банктің мәліметінше, мұндай шешім зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану талаптарын қайта қарауға байланысты қабылданған. Қазір бұл бағытта Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр.

«БЗТ арқылы медициналық қызмет алу шарттарын өзектендіру, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді өзара ықпалдастыру тетіктерін пысықтау жоспарланып отыр. Бұл шаралар зейнетақы қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеуге және рәсімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған», – деп мәлімдеді банк өкілдері.

Қазіргі таңда құзырлы органдар азаматтардың жинаған қаражатының нақты ем-домға жұмсалуын бақылауды күшейтуді көздеп отыр. Осы арқылы жалған құжат жасау, делдалдық қызмет пен күмәнді медициналық ұйымдар арқылы қаржы игеру секілді заңбұзушылықтардың алдын алу жоспарланған.

Өтінім қабылдау қашан қайта басталатыны әзірге белгісіз. Бұл туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланатыны хабарланды.