ШҚО тасжолында 80-нен астам көлік: полиция бастаған автоколонна қауіпсіз жерге өтті
Өскемен – Семей тасжолында ірі автоколоннаға патрульдік полиция ілесіп жүрді
Шығыс Қазақстан облысында патрульдік полиция қызметкерлері 80-нен астам көліктен құралған автоколоннаның қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, Өскемен – Семей тасжолының 13-шақырымынан бастап Абай облысының әкімшілік шекарасына дейінгі аралықта көліктер полицияның ілесіп жүруімен жүріп өтті. Бұл шара жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған.
Колонна қозғалысы кезінде полиция қызметкерлері жылдамдық режимінің сақталуын бақылап, жолдағы қауіпсіздік талаптарының орындалуын қадағалаған.
«Қызметкерлердің үйлесімді әрі кәсіби іс-қимылының арқасында автоколонна жолдың күрделі учаскелерінен ешқандай оқыс жағдайсыз өтті», – делінген полиция таратқан ресми хабарламада.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, сондай-ақ ұйымдастырылған колоннамен жүрген кезде полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға шақырды.
Айта кетейік, мұндай шаралар өңірде жол қауіпсіздігін күшейту және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жүйелі түрде өткізіледі.