Қарағандыда қалың қар құрсауында қалған 12 адам ажалдан аман қалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Осакаровка ауданында қалың қардың салдарынан 5 жеңіл автокөлік жолда қалып қойған

Фото: pixabay.com

Қарағанды облысында қар құрсауында қалған 12 адам құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Оқиға Осакаровка ауданында болған. Қалың қар мен жолдың көрінбеуі салдарынан 5 жеңіл автокөлік далада қозғала алмай тұрып қалған. Көліктердің ішінде 12 адам болған, олардың үшеуі – кәмелетке толмаған балалар.

ТЖМ құтқарушылары оқиға орнына арнайы жол талғамайтын техникамен жеткен. Құтқару операциясы кезінде барлық азаматтар жақын маңдағы елді мекенге эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ, ешкімге медициналық көмек қажет болмаған.

ТЖМ баспасөз қызметі тұрғындарды ауа райы күрт нашарлаған кезде сақ болуға шақырды.

«Дауылды ескертулерді қатаң ескеріп, қолайсыз жағдайда елді мекеннен тыс жерлерге шықпауға кеңес береміз», – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Құтқарушылар боранды күндері жолға шығу адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін тағы бір мәрте еске салды.