Тікелей эфирге шыққан шекарашы айыппұл арқалады
Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында шекара қызметінің әскери қызметкері қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Бейнеу аудандық сотының мәліметінше, әскери қызметшіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 652-бабының 6-бөлігі бойынша іс қаралған. Бұл бап қызмет мүддесіне елеулі зиян келтірмеген жағдайда бұйрыққа бағынбауды көздейді.
Іс материалдарына сәйкес, азамат автотұрақтағы нарядта кезекшілік атқарып жүрген кезінде ұялы телефоны арқылы TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шыққан. Осы әрекеті арқылы ол қызмет барысында мобильді құрылғыларды пайдалануға тыйым салатын бөлім басшысының бұйрығын қасақана бұзған.
Сот отырысында ҚР Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі №364 жарлығына сәйкес, әскери қызметшілер командирлердің бұйрықтарын дәл әрі уақтылы орындауға міндетті екені еске салынды.
Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген. Сонымен қатар ол өзін отбасының жалғыз асыраушысы екенін, төрт баланы тәрбиелеп отырғанын айтып, соттан жеңілдік жасауды сұраған.
Әскери қызметшінің кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, қызметтік рапорттар, түсіндірме жазбалар және басқа да материалдармен толық дәлелденген. Аталған бап бойынша 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы көзделген.
Кінәні мойындауы және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, сот оған айыппұл салу туралы шешім қабылдады. Жаза мөлшері заңда көрсетілген соманың 30 пайызы көлемінде белгіленіп, 68 810 теңге айыппұл өндірілетін болды.