Қызылқоғадағы қанды қылмыс: марқұм ерлі-зайыптының денесінде пышақ жарақаттары бар
Күдікке ілінген күйеубала халықаралық іздеуде
Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында қатыгездікпен өлтірілген ерлі-зайыптының денесінен пышақ жарақаттары анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Қанды қылмысқа қатысты басты күдікті – марқұмдардың күйеубаласы Сұлтан Сарсемалиев. Қазіргі уақытта ол халықаралық іздеуге жарияланған. Сонымен қатар полиция жәбірленушілердің қызы Ақбаян Мұқанғалиеваны да із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енгізіп, белсенді түрде іздеп жатыр.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердаулеттің айтуынша, халықаралық іздеу бағыттары жария етілмейді.
«Халықаралық іздеудің бағыттарын айтуға болмайды. Себебі, күдіктілерге қандай да бір ақпарат жететін болса, тергеу барысына кедергі келуі мүмкін. Халықаралық іздестіру әлемнің барлық елінде жүргізілетінін қаперлеріңізге береміз», — деді Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердаулет.
Қылмыскерлерді ұстауға бағытталған арнайы жедел топтар құрылған. Күдіктілер қолға түскен жағдайда марқұмдардың туыстарына және бұқаралық ақпарат құралдарына ресми хабар беріледі.
Полиция жәбірленушілердің телефондары мен SIM карталары Қазақстанның әр аймағында қосылғанын анықтаған. Осы деректер бойынша арнайы іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Мейрамгүл Қарабалинаның мәйіті табылғаны туралы түрлі қауесет тараған. Кейбіреулер оның денесі септиктен немесе шұңқырдан табылды деген ақпаратты таратқан. Алайда полиция бұл мәліметтердің жалған екенін мәлімдеді.
«Халық арасында Мейрамгүл Қарабалинаның денесі табылғаны жөнінде ақпарат тарады. Септиктерден де, шұңқырлардан да табылды деген мәлімет болды. Мұның барлығы — жалған. Полиция қазіргі уақытта олардың қала аумағында соңғы бірнеше айда жүрген жерлерін тінтіп, іздеп жатыр», — деді Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы.
Сонымен қатар полиция Мейрамгүл Қарабалинаның Атырау қаласындағы бейнебақылау камераларына түскенін растады. Бірақ тергеу мүддесіне байланысты қай жерде және қандай жағдайда түсірілгені жарияланбайды.
Желіде марқұмдарды тұншықтырған немесе басқа да тәсілмен өлтірген деген түрлі болжамдар айтылып жүр. Полиция бұл ақпараттарға да түсініктеме берді.
«Марқұмдардың денелерінде пышақ іздері бар. Шаншып тығу арқылы дене жарақаты болған. Полиция мүрделерді сот-медициналық сараптамасына өткізді, енді сарапшылардың нақты жауабы келу қажет. Олар жәбірленушілерге нақты қандай дене жарақаты салынды, өлімге қандай факторлар әсер еткенін, және қай уақытта өлтірілгені туралы қорытынды жасайды»,— деді Мейірім Ердаулет.
Тергеу барысында бейнекамераларды тексеру және жедел шаралардың нәтижесінде жәбірленушілердің есепшоттарындағы зейнетақы қаржысын кім және қай жерде шешіп алғаны белгілі болған.
Соңғы дерекке сәйкес, 6 қаңтардан бері Наурыз Мұқанғалиевтің телефоны өшірілген. Қазіргі уақытта марқұмдардың барлық байланыс құралдары толық тексеріліп, іздестіру жалғасып жатыр.