$ 509.84  595.75  6.47
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұлттық құрылтай Қызылордада өтеді: Президент алқалы кеңес өтетін күнді бекітті

Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік реформаға қатысты жұмыс тобына нақты тапсырмалар жүктеді

Ұлттық құрылтай Қызылордада өтеді: Президент алқалы кеңес өтетін күнді бекітті
Фото: akorda.kz

Елдік маңызы бар алқалы жиын – Ұлттық құрылтай 20 қаңтарда Қызылордада өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы маңызды жиынның күнін ресми түрде белгілеп, іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыру және тыңғылықты дайындық жүргізу жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Президент мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және өзінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен парламенттік реформаға қатысты кезекті жұмыс кеңесін өткізді. Кеңес барысында Ерлан Қарин 9 қаңтарда өткен Жұмыс тобы отырысының нәтижелерімен таныстырды.

Оның айтуынша, жиында болашақ бір палаталы парламенттің мәртебесі, өкілеттіктері мен негізгі функцияларын айқындауға бағытталған тұжырымдамалық тәсілдер әзірленген. Сондай-ақ жаңа парламенттің атқарушы және сот билігімен өзара іс-қимыл тетіктері қарастырылған.

«15 қаңтарға жоспарланған келесі отырыста жаңа Парламенттің басты мемлекеттік институттардың қызметін қамтамасыз ету өкілеттіктері талқыланады»,-делінген Ақорда хабарламасында. 

Ал Ержан Жиенбаев Мемлекет басшысын конституциялық реформаға қатысты Жұмыс тобы мүшелері мен қоғам өкілдерінен түскен жаңа ұсыныстармен таныстырды. 

Президент барлық пікір мен бастаманы мұқият саралау қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ конституциялық реформа бойынша түпкілікті шешімді ел азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайтынын мәлімдеді.  Сонымен қатар кездесуде Ұлттық құрылтайдың Қызылорда қаласында өтетін бесінші отырысына дайындық мәселесі қаралды.

Мемлекет басшысы алқалы жиынды осы жылдың 20 қаңтарына белгілеп, алдағы маңызды іс-шараны ұйымдастыру және оған тыңғылықты әзірлену жөнінде нақты тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары