Қаржылық мониторинг агенттігі блогерді ресми түрде іздестіріп жатыр
Қазақстандық танымал блогер Қайсар Қамзаға ресми түрде іздеу жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланған мәліметке сәйкес, 1995 жылғы 18 қыркүйекте туған Қамза Қайсар Бақытжанұлы 2024 жылдың 10 қаңтарынан бері іздестірілуде. Іздеу шараларын Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта қылмыстық істің нақты мән-жайы мен айыптау бабы ресми түрде жарияланған жоқ. Тергеу органдары да қосымша ақпарат бермей отыр.
Айта кетейік, Қайсар Қамза – әлеуметтік желілерде кеңінен танымал блогер. Оның Instagram парақшасында 2,6 миллионнан астам оқырманы бар, ал TikTok-тағы жазылушыларының саны 340 мыңнан асады. Өзін тревел-блогер ретінде таныстыратын ол көбіне шетелдерде жүріп түсірілген контент жариялап келеді. Сонымен қатар, блогер бірқатар отандық фильмдерге де түскен.
Бұған дейін блогердің Үндістанға жасаған сапары кезінде түсірілген видеолары қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Кадрларда оның бейәдеп сөздер айтып, жергілікті тұрғындарға дөрекілік танытқаны байқалып, әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшыраған.
Құзырлы органдар істің егжей-тегжейін тергеу аяқталған соң ғана жария етпек.