Қарлы боран жолдарды жапты: бірнеше өңірде қозғалыс шектелді
Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарында бірқатар республикалық трасса уақытша жабылды
Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райының күрт нашарлауына байланысты автожолдарда қозғалыс шектелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, шектеулер Улытау, Ақмола және Қостанай облыстарында енгізілген.
Ұлытау облысында 11 қаңтар күні сағат 18:00-ден бастап барлық көлік түрі үшін Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті автожолының 433-750 шақырымы (Жезқазған – Жаңаарқа аралығы) уақытша жабылды. Аталған учаскені 12 қаңтар күні сағат 07:00-де ашу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, сағат 19:00-ден бастап республикалық маңыздағы Жезқазған – Арқалық – Петропавл тасжолының 24-137 шақырымы (Сәтбаев – Ұлытау бағыты) бойынша да барлық көлік қозғалысына шектеу қойылды. Бұл жолды 12 қаңтар күні сағат 08:00-де ашу көзделген.
Ақмола облысында сағат 18:00-ден бастап жүк және қоғамдық көліктер үшін бірқатар бағыттарда қозғалыс тоқтатылды. Атап айтқанда:
– Жақсы – Есіл – Бозқұлық тасжолының 0-82 шақырымы (Ақсай – Бозқұлық);
– Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай – Ресей шекарасы бағытының 915-1002 шақырымы (Жақсы – Атбасар);
– Жезқазған – Арқалық – Петропавл жолының 537-552 шақырымы (Бозқұлық – Сурган);
– Қостанай – Әулиекөл – Сурган тасжолының 232-260 шақырымы (Қостанай облысының шекарасы – Сурган).
Бұл учаскелерді 12 қаңтар күні таңғы сағат 07:00-де ашу жоспарланып отыр.
Ал, Қостанай облысында кешкі алтыдан бастап Қостанай – Әулиекөл – Сурган автожолының 218-232 шақырымы (Октябрьский – Ақмола облысының шекарасы) бойынша жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу енгізілді. Жолды ашу уақыты – 12 қаңтар, сағат 07:00 жоспарланған.
«ҚазАвтоЖол» өкілдері жүргізушілерді алыс сапарға шығар алдында жол жағдайын нақтылап алуға шақырады. Қосымша ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығына хабарласу арқылы білуге болады.