Қостанайда автобус бұзылып, 28 жолаушы құтқарылды
Онң ішінде екі бала болған
Қостанай облысында халықаралық бағытта қатынайтын рейстік автобус бұзылып, жолда қалды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары үсіп қалу қаупі төнген 28 адамды дер кезінде эвакуациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Лисаковск маңындағы төтенше жағдай
Оқиға республикалық маңызы бар «Қостанай – Қарабұтақ» автожолында, Лисаковск қаласынан 11 шақырым жерде болған. «Шымкент – РФ» бағытында бара жатқан автобус техникалық ақауға байланысты қозғалысын тоқтатқан.
Автобус ішінде 28 адам, оның ішінде екі бала болған. Қысқы аязда тасжол бойындағы техникалық ақау жолаушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірді.
Жылыту пунктіне жеткізу және көмек
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, құтқару операциясын жедел ұйымдастырды.
Барлық жолаушылар бұзылған автобустан арнайы көліктерге көшірілді. Адамдар Лисаковск қаласындағы жақын маңдағы жылыту пунктіне жеткізілді. Құтқарылғандардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болған жоқ, барлығы аман-есен.
Жүргізушілерге ескерту
ТЖМ мамандары алыс сапарға шығатын жүргізушілерге көліктің техникалық жағдайын алдын ала тексеруді және ауа райы болжамына құлақ түруді сұрайды. Әсіресе халықаралық рейстерді орындайтын тасымалдаушыларға қысқы мезгілде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау ескертіледі.