Қазақстанның 15 өңірінде дауылды ескерту жарияланды
Елдің басым бөлігінде ауа райы күрт нашарлайды
Синоптиктер жексенбі, 11 қаңтар күні еліміздің басым бөлігінде ауа райының күрт нашарлайтынын хабарлады. Астана мен тағы 15 облыста көктайғақ, боран және қатты жел болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Солтүстік пен батыста қар жауып, боран соғады
Еліміздің солтүстік және батыс аймақтарында қысқы қаһар күшейеді.
Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында қалың қар жауады. Сондай-ақ, қар аралас жаңбыр, боран және көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні 20 м/с жетеді.
Солтүстік Қазақстанның басым бөлігінде қар жауып, боран соғады.
Ақтөбе және Атырау облыстарында түнде де, күндіз де көктайғақ пен тұман болады деп болжануда.
Батыс Қазақстанда, Орал қаласында және облыстың шығысында түнде қар жауып, боран соғады.
Оңтүстік пеноОрталықта тұман мен қатты жел болады
Орталық және оңтүстік өңірлерде басты қауіп — жолдардағы көрінбеушілік пен қатты жел.
Елордада жексенбі күні көктайғақ болады деп болданып отыр. Жүргізушілерге барынша сақ болу ескертіледі.
Түркістан және Жетісу облыстарының таулы аудандарында желдің жылдамдығы 23-28 м/с дейін күшейеді. Қалың тұман түседі.
Қарағанды және Ұлытау облыстарында күндіз батыс пен солтүстікте көктайғақ болып, жел күшейеді. Жезқазғанда да көктайғақ күтіледі.
Қызылорда облысында көктайғақпен бірге желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін артады.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында да жел күшейіп, тұман түседі. Өскеменде желдің екпіні 18 м/с жетеді.
Төтенше жағдайлар департаментінің ескертуі
Ауа райының қолайсыздығына байланысты мамандар келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды:
1. Жолға шықпау: Алыс сапарға шығуды кейінге қалдыра тұрыңыз.
2. Абай болу: Көктайғақ кезінде жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер арақашықтықты сақтап, жылдамдықты асырмауы тиіс.
3. Хабарламаларды бақылау: 112 қызметінен келетін SMS-хабарламаларға назар аударыңыз.