Компания Абулхановтың мәлімдемелерін жоққа шығарып, сот шешімін күтуді талап етті
Әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан қызметкері Абулхановтың жазбаларына байланысты әуе компаниясы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Компанияның мәліметінше, қазіргі таңда Абулхановқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, құзырлы органдар тергеу жүргізіп жатыр. Әуе компаниясы тергеуге заң аясында толық қолдау көрсетіп отырғанын мәлімдеді.
«Істің барлық мән-жайын анықтау, сондай-ақ кінәлі не кінәсіз екенін шешу – тек соттың құзыреті», – делінген ресми хабарламада.
Компания әлеуметтік желіде тарап кеткен «басшылық қысым көрсетті, қудалады» деген мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарды. Мұндай ақпаратты әуе тасымалдаушысы қоғамды әдейі адастыру, эмоцияға әсер ету арқылы пікір қалыптастыру әрекеті деп бағалады.
«Басшылықтың тапсырмаларын орындаудан бас тартқаны үшін компания тарапынан қудалау орын алды деген мәлімдемелер шындыққа жанаспайды және қоғамдық пікірмен айла-шарғы жасаудың жолы», – деп атап өтті компания өкілдері.
Сонымен қатар желіде компания қызметкерлерінің ішкі хат алмасуы ретінде ұсынылған бейнематериалдарға да түсініктеме берілді. Компания бұл жазбалардың шынайылығын растамайтынын мәлімдеп отыр.
«Көпшілік жарияланымдарда сондай-ақ компания қызметкерлерінің ішкі хат алмасу фрагменттері ретінде ұсынылған бейнелер көрсетілген. Компания көрсетілген материалдардың дұрыстығын, толықтығын және түпнұсқалығын растамайды. Олардың шығу мән-жайын және мазмұнын тексеру заңда белгiленген тәртiппен ғана мүмкiн», – делінген мәлімдемеде.
Әуе компаниясы тексерілмеген деректердің таралуын өзінің іскерлік беделіне нұқсан келтіру және қоғамдық пікірге қысым көрсету әрекеті ретінде қабылдайтынын жеткізді. Осыған байланысты компания заңды мүдделерін қорғау үшін барлық құқықтық тетіктерді пайдалануға дайын екенін айтты.
Сөз соңында әуе компаниясы журналистер мен жұртшылықты сот процесі аяқталғанға дейін асығыс пікір айтпауға шақырды.
«Компания өзінің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін тексерілмеген ақпарат пен материалдарды таратуды жалғасып жатқан талқылау кезеңінде қоғамдық пікірге қысым көрсету әрекеті ретінде қарастырады және өзінің заңды мүдделерін құқықтық тәсілдермен қорғау құқығын өзіне қалдырады», – деп түйіндеді компания.
Еске салсақ, Ренат Абулхановтың хаты бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланған. Онда экс-менеджер өзіне қатысты қылмыстық қудалауды нақты заңбұзушылық емес, компания ішіндегі корпоративтік қақтығыстың салдары деп бағалайды.
Оның айтуынша, 2023 жылы IPO-ға дайындық кезінде одан жасанды түрде жоғары қаржылық көрсеткіштер көрсету талап етілген. Келіспеген соң қысым күшейіп, қызметтен шеттетілген.
Сондай-ақ Абулханов жеңілдетілген тарифпен берілген билеттер компаниядағы қалыптасқан тәжірибе болғанын айтады. Айыптау тарапы оған мүлкін тәркілеумен қатар 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр.