«Мүмкін емес, балам олай жасады дегенге сенбеймін»: Атыраудағы іске күдіктінің анасы ренішін айтты
Атырауда жоғалған отбасының ісіне қатысты күдіктінің анасы марқұм құда-құдағыларының үйіне бір рет те келмегеніне ренішін білдірді.
Атырау облысында ерлі-зайыптының өліміне қатысты күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевтің анасы бұл іске баласының қатысы бар дегенге үзілді-кесілді сенбейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Журналист Жанат Молдашованың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған сұхбатта күдіктінің анасы Гүлнәр Әзмұханова ұлының мінезі мен өмір жолын баяндап, оның қылмыс жасауға қабілеті жоқ екенін айтты.
«Менің балам тәртіпті. Мүмкін емес, балам олай жасады дегенге сенбеймін. Әкесі қатты, одан қорқады. Баламды жамандыққа қимаймын. Осы жайтты естіген соң балама "Балам, дұрыс жүр! Ешкімнің ала жібін аттама! Мені полицейлер мазалап жатыр" деп аудиохабарлама жазып жібердім. Бірақ, оны балам оқымапты», – деді ол.
Гүлнәр Әзмұханованың сөзінше, күдіктінің бес баласын өзі ұзақ уақыттан бері бағып отыр. Себебі келіні жүйке жүйесінің ауруына шалдыққан, бірінші топтағы мүгедек.
«Менің бір қателігім – сенімхат алмағаным. Соған өкінемін. "Емдетіп келе қой" дедім, басқа арам ойым болған жоқ. Бұл күні кеше, жақында пайда болған ауру. 5 баланы қарау қиын емес, олар менің немерелерім ғой. Өзім 4 бала тәрбиеледім, 2 ұл, 2 қыз. Сұлтан – үйдің кенжесі. 30 жасқа толады. Бұрын-соңды бұзықтығын байқамадым. Ол – жуас бала. Қарауыл, жүк тасушы болып жұмыс істеді», – деді күдіктінің анасы.
Ол келінінің ата-анасы қызына өкпелі екенін айтқанымен, мұндай сәтте ата-аналық жауапкершілік бәрінен биік тұруы керек деп есептейді.
«Ренжідім дейді. Кім ренжімейді? Бірақ ана болған соң кешіре білу керек қой. “Құдағи, саған қиын болды-ау, бес баланы бағып отырсың, бір-екі ай өзім алып кетейін” деуге болар еді. Бірақ ондай сөзді естімедім. Соған жүрегім ауырады. Құдам да, құдағиым да бір келіп, есікті бір соққан жоқ. Мен соған ренжідім», – дейді ол.
Оқиға жайлы естіген сәттен бастап, ананың жан дүниесі астаң-кестең болған. Баласына бірден аудиохабарлама жолдағанын да жасырмады.
«“Балам, дұрыс жүр. Ешкімнің ала жібін аттама. Полиция келіп, мені сұрап жатыр” деп жаздым. Бірақ ол хабарламаны оқымапты. Соған да уайымдап отырмын», – деді анасы.
Әженің айтуынша, бұл жағдай отбасының ғана емес, тұтас әулеттің тағдырын астаң-кестең еткен.
«Мұндайды ешкімге бермесін. Кеше ғана дәмдес болған адамдардың бір сәтте қасіретке ұрынғанын көру өте ауыр. Балаларымның болашағы не болады деп ойласам, жүрегім езіледі», – дейді ол.
Қоғамды дүр сілкіндірген бұл оқиғаға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құзырлы органдар күдіктінің кінәсі дәлелденсе, заң аясында тиісті жаза қолданылатынын мәлімдеді.