Ипотека арзандамайды: билік мөлшерлемені төмендетуге асықпай отыр
Қазақстанда ипотекалық несиелер бойынша мөлшерлемені төмендету талабы уақытша тоқтатылды
Қаржы нарығын реттеу егенттігі бұл шешім банктердің тұрақтылығын сақтауға және азаматтардың ипотека алу мүмкіндігін шектемеуге бағытталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Реттеушілердің айтуынша, бұл қадам қазіргі экономикалық жағдайда теңгерімді саясат ұстануға мүмкіндік береді.
Қазақстанда ипотекалық несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ГЭСВ) 20% дейін төмендету талабы кейінге шегерілді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл шешім халықтың да, банк секторының да мүддесін ескеріп қабылданғанын алға тартады.
Агенттік пен Ұлттық банк бірлесіп қабылдаған қаулыға сәйкес, 2025 жылғы 1 қарашадан 2026 жылғы 1 шілдеге дейін ипотека бойынша ГЭСВ 25 пайыздан 20 пайызға дейін төмендету талабы уақытша тоқтатылады.
Реттеуші органның хабарлауынша, мұндай шешім қазіргі экономикалық ахуалмен тікелей байланысты.
«Бұл қадам ипотекалық несиелердің құнын реттеуде теңгерімді тәсілді сақтау үшін қабылданды. Ол банктердің қаржылық тұрақтылығын қолдауға және сонымен қатар халық үшін ипотеканың қолжетімділігін төмендетпеуге бағытталған», – делінген агенттік таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, бұл шешім жаңа талаптар күшіне енбей тұрып ипотекаға өтінім берген азаматтардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Яғни ереженің өзгеруіне байланысты бұрын берілген өтінімдер бойынша несие рәсімдеуден бас тарту жағдайларының алдын алмақ.
Осы мерзім ішінде Қазақстанда несиелер бойынша мынадай шекті мөлшерлемелер сақталады:
– кепілсіз банктік қарыздар үшін – 46 пайызға дейін;
– кепілмен берілетін банктік несиелер үшін – 35 пайызға дейін;
– ипотекалық тұрғын үй несиелері үшін – 25 пайыз.
Қаржы реттеушілері бұл шешім ипотека нарығындағы тұрақтылықты сақтап, азаматтардың баспана алу процесіне тосқауыл болмауы тиіс екенін атап өтті.