$ 512.83  600.58  6.36
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мас күйінде көлік жүргізген судья қамауға алынбады: сот айыппұлмен шектелді

Сот оған 786 400 теңге көлемінде айыппұл салу туралы қаулы шығарды

Мас күйінде көлік жүргізген судья қамауға алынбады: сот айыппұлмен шектелді
Фото: жасанды интеллект

Астанада мас күйінде көлік басқарған судья Әсел Досаева әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық соты судья Әсел Досаеваны мас күйінде көлік жүргізгені үшін кінәлі деп танып, ірі көлемде айыппұл салды. Сот анықтауынша, оқиға 2025 жылғы 1 қарашаға қараған түні болған.

Медициналық куәландыру нәтижесі судьяның жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғанын көрсеткен. Бұған қоса, оның жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткені белгілі болды. Құқық қорғау органдары көлікті айыптұраққа қойған.

Алайда құқық бұзушылық бірден сотқа жетпеген. Судья мәртебесіне байланысты істі қарауды бастау үшін Бас прокуратура президентке арнайы ұсыныс енгізуге мәжбүр болған. Тек осы рәсімнен кейін ғана іс соттың қарауына жолданған.

Полиция бұл әрекетті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 8-бөлігі — көлік басқару құқығынсыз мас күйінде жүргізу дерегі бойынша саралаған. Аталған бап әдетте әкімшілік қамауды көздегенімен, бұл жолы судьяға қатысты қамау шарасы қолданылмады.

Астана сотының баспасөз қызметі мұның себебін түсіндірді. Олардың мәліметінше, 14 жасқа дейінгі баласы бар әйелдерге әкімшілік қамау тағайындалмайды. Әсел Досаеваның 2013 жылы туған баласы бар. Осыған байланысты сот ең қатаң жаза ретінде ақшалай айыппұл салуды жөн көрген.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ. 

Серіктес жаңалықтары