Дертіне қарамай рөлге отырғандар: екі мыңға жуық жүргізуші куәлігінен айырылды
Медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты 1 787 жүргізуші куәлігінің күші жойылды
Қазақстанда денсаулығына байланысты көлік құралын басқаруға құқығы жоқ азаматтардың жүргізуші куәліктері жойылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ведомство Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардың көлік жүргізуіне жол бермеу бағытында жүйелі жұмыс бастаған. Екі ведомство диспансерлік есепте тұрған 369 888 адамға талдау жүргізді. Оның 273 819-ына жүргізуші куәлігі бұрын мүлде берілмеген. Қалған 96 069 адамның 41 677-сінің куәлігі бастапқыда-ақ жарамсыз деп танылса, 54 392 азаматтың құжаты қолданыста болған. Осы деректер негізінде сотқа 4 540 талап-арыз жолданып, нәтижесінде медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты 1 787 жүргізуші куәлігінің күші жойылды.
Сондай ақ, психоневрологиялық және наркологиялық есепте тұрған азаматтар туралы деректер екі ведомствоның ақпараттық жүйелері арасында дереу жаңартылып отырады. Мәлімет алмасу автоматты түрде жүргізіледі және көлік басқаруға рұқсат беру кезінде ескеріледі.
Министрліктер деректердің цифрлық алмасуы арқылы жол-көлік оқиғаларының қаупін азайтуды көздеп отыр. Бұл шаралар жол апаттары салдарынан жарақат пен адам өлімін төмендетуге бағытталған.