Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астанаға қосымша пойыздар қатынайды
Астана бағытына қосымша электр пойыздары іске қосылды
Ұлттық тасымалдаушы өңірлер арасындағы қатынастың үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін қала маңындағы қосымша пойыздарды жолға шығарғанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚТЖ мәліметінше, ауа райының күрт нашарлауы салдарынан республикалық және облыстық маңызы бар бірқатар тас жолдарда уақытша қозғалыс шектеулері енгізілген. Осыған байланысты жолаушыларды қауіпсіз әрі қолжетімді тасымалдау мақсатында Астанаға қатынайтын қосымша электр пойыздары ұйымдастырылған.
Атап айтқанда, Көкшетау, Бурабай курорты, Макинка және Ақкөл станцияларынан Астана станциясына дейін жолаушыларды отырғызу үшін келесі пойыздар қатынайды:
– №6830 «Көкшетау – Астана»;
– №7508 «Көкшетау – Астана».
Компания өкілдері қолайсыз ауа райы жағдайында теміржол көлігі ең сенімді әрі қауіпсіз қатынас түрлерінің бірі болып саналатынын атап өтті. «Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын хабарлап, азаматтарды сапарларын жоспарлау кезінде ауа райы жағдайларын ескеруге шақырды.