Кейбір басшылар Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады - Тоқаев Қаңтар оқиғасы жайлы
Президент қылмыскерлердің әрекетіне егжей-тегжейлі баға берілді дейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Turkystan.kz газетіне берген сұхбатында Қаңтар оқиғасына қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқашан белгілі болды. Сол оқиғалар бойынша тергеу жүргізу кезінде құқық қорғау органдары азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Бірқатар қоғамдық комиссия құрылып, оған белгілі заңгерлер жетекшілік етті. Мұндай қадам жұмыстың бейтарап ұстаныммен жүргізілуіне, сол арқылы барлық оқиғаның ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік берді. Осы орайда, азаматтық жауапкершілік танытып, кәсіби біліктілігін көрсеткені үшін оларға ризашылығымды білдіргім келеді», - деді президент.
Ол атағандай, 2022 жылдың наурыз айында Парламентте арнайы қоғамдық тыңдау өтіп, бұл оқиғаға және еліміздің конституциялық құрылымын бұзбақ болған қылмыскерлердің әрекетіне егжей-тегжейлі баға берілді.
«Иә, кейбір сот процестері, сондай-ақ, қаңтарда ұрланған көптеген қаруды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сол күндері қылмыскерлер үш мыңнан астам қару-жарақты иемденіп кеткен еді. Бірақ күштік құрылымдардың арқасында қару-жарақ жасырылған қоймалардың көбі табылды. Қаңтар оқиғасын талқылайтындар көбінесе сол кездегі дағдарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қазбалап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен, ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек. Алматыдағы аласапыран туралы жиі айтылып жатады, мұны түсінуге де болады. Бірақ, зұлымның сиқырлы таяқшасымен жасалғандай адам сенгісіз жағдайлар болғанын да естен шығармау керек. Нақтырақ айтқанда, бүлікті ұйымдастырушылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алды. Оның арты қаскөйлердің көптеген облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алуына әкеп соқтырды», - дейді мемлекет басшысы.
Президент атағандай, «Төңкеріс» жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі.
«Сосын азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, бір таңғаларлығы, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тастап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті. Осындай жағдай, әсіресе, бүлікшілердің басты нысанасы болған Алматыда анық байқалды. Әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатты қорлыққа ұшырады. Әкімшілік ғимараттар, сауда орталықтары, дүкендер мен банктер қирап, өртке оранып, тоналып жатты. Мұндай жүгенсіздікке қарсы төтенше шаралар қабылдау қажет болды. Қазір, арада біраз уақыт өткен соң, пиғылы арам әрі сана-сезімі таяз кейбір адамдар мемлекетіміздің елді құрдымға жібере жаздаған сұмдық берекесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айналып өтіп, қасақана ойына келгенді айтып жүр», - деді Тоқаев.