Жаңа жыл түні Қазақстанда 11 мыңнан аса қоңырау түсті – ІІМ
Қоғамдық тәртіп күшейтілген режимде қамтамасыз етілді
Қазақстанда жаңа жыл түні қоғамдық тәртіп күшейтілген режимде қамтамасыз етілді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 31 желтоқсан таңынан 1 қаңтар таңы аралығында полицияға 11 448 өтініш пен қоңырау түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция күшейтілген режимде жұмыс істеді
ІІМ-нің Polisia.kz медиапорталы таратқан ақпаратқа сәйкес, мерекелік күндері ішкі істер органдарының қызметкерлері күшейтілген қызмет атқару тәртібіне көшкен. Соның нәтижесінде жаңа жыл түні ел аумағында ауыр және аса ауыр қылмыстар тіркелмеген.
Ресми дерекке сүйенсек, түскен қоңыраулардың 3 082-сі түнгі уақытта қабылданған.
Қоңыраулардың басым бөлігі анықтамалық сипатта
ІІМ хабарлауынша, азаматтардың көпшілігі полицияға ақпараттық және тұрмыстық сипаттағы мәселелер бойынша жүгінген.
Атап айтқанда петардаларды қолдану тәртібі, мұз айдындары мен жаңа жылдық шыршалардың орналасуы, сырғанақта адасып кеткен балалар, жол жиегінде қалған көліктер мен шығу қиындықтары туралы хабарламалар түскен.
«Барлық өтінішке полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдады», – деп мәлімдеді министрлік.
Қоғамдық тәртіп толық қамтамасыз етілді
ІІМ дерегінше, қабылданған шаралардың арқасында мерекелік іс-шаралар ұйымдасқан түрде өтті, ал көшелер мен қоғамдық орындарда құқықтық тәртіп толық сақталған.
Полиция азаматтарды алдағы мерекелік және демалыс күндері де қауіпсіздік талаптарын сақтауға, ал төтенше жағдай туындаған жағдайда 102 немесе 112 нөміріне жедел хабарласуға шақырды.