Алматыда бір айға жетуі тиіс 30 мың градусник екі күнде сатылып кетті - Сағынтаев
Бақытжан Сағынтаев 102 ірі дәріханаға 41 дәрінің түрі жеткізілетінін мәлімдеді
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев дәрі тапшылығы проблемасын шешу үшін фармкомпаниялар мен салалық қауымдастық басшыларымен бірнеше кездесу өткізді. Бұл туралы қала әкімң Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Осы күндері фармкомпаниялардың және салалық қауымдастықтардың басшыларымен бірнеше кездесулер өткіздім. Мамандардың пікірінше, дәрі-дәрмек тапшылығы әлдебіреулер ұсынған дәрілермен емделуді жөн көрген тұрғындардың дүрлігуінен пайда болған. Термометрлердің де тапшылығы орын алды. Бір айға жетуі тиіс 30 мың градусник екі күннің ішінде сатылып, бітіп қалды. Баға да бірден шарықтаған. Туындаған сұранысты бір мезгілде қанағаттандыру мүмкін болмаса да, айқын көрініс бар. ҚР фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығымен, сондай-ақ қаланың дәріханалар желісімен, дәрі-дәрмек жеткізушілермен және өндірушілермен меморандумға қол қойдық», - деп жазды Сағынтаев.
Ол 102 ірі дәріханаға парацетомалдан бастап сумамедке дейінгі қажет деген 41 дәрінің түрі жеткізілетінін, провизорлар Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған бағаны ұстанатынын, сондай-ақ дәрілердің қоры туралы жедел ақпарат беріп отыратынын атап өтті.
«102 дәріхананың тізімін Алматы қаласы әкімдігінің сайтынан көруге болады. Дүрлігуге жол бермей, емдейтін дәрігердің кеңесіне жүгінуге кеңес беремін», - деді қала әкімі.