Олар Мәскеуде қолға түскені туралы ақпарат жарияланды
Қазақстандық адвокат Айгүл Сайлыбаеваны Германияда асқан жауыздықпен өлтірді деген күдікпен күйеуі Александр Донцов пен енесі Наталья Донцова ұсталды. Бұл туралы марқұмның бауыры Қанат Сайлыбаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күдіктілер Ресей астанасы Мәскеу қаласында ұсталып, полицияға жеткізілді. Марқұмның бауырының айтуынша, қазіргі уақытта күдіктілерді Қазақстанға экстрадициялау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Алайда дипломатиялық рәсімдер мен бірнеше азаматтықтың болуына байланысты бұл процесс ұзаққа созылуы мүмкін.
«Қазір оларды Қазақстанға беру мәселесі шешіліп жатыр. Дипломатиялық күрделіліктер мен бірнеше азаматтықтың болуына байланысты барлық рәсім біраз уақыт алуы мүмкін», – деп жазды Қанат Сайлыбаев.
Аталған факті бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Айгүл Сайлыбаева соңғы бес жыл бойы күйеуімен және баласымен бірге Германияда өмір сүрген. Ол 3 маусым күні байланысқа шықпай қалған. Оның із-түзсіз кеткеніне алаңдаған туыстары Айгүлдің тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкін екенін айтып, Франкфурт-на-Майндегі Қазақстанның Бас консулдығына жүгінген.
Арада көп ұзамай, жергелікті БАҚ бұрынғы судьяның мәйіті табылғанын хабарлады. Оның денесі Бенсхайм қаласының шетінде орналасқан карьерден қаптың ішінен табылған. Марқұмның қолында, мойнында және бетінде пышақ жарақаттары болған. Осыдан кейін Сайлыбаеваның 49 жастағы енесі Наталья Донцова да хабар-ошарсыз кеткен.