Астана тұрғыны 9 млн теңгесінен айырылып қалды: семейлік жас жігіт күдікке ілінді
Оқыс оқиға 2025 жылғы 15 желтоқсанда болды
Семей қаласының 19 жастағы тұрғыны алаяқтық схемаға тартылған. Қазір полиция оның өз шотын қылмыстық мақсатта пайдаланылғанын білген-білмегенін анықтап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Абай облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы 15 желтоқсанда Семей қалалық полиция бөліміне Астанадан банк шотын танымайтын адамдарға бергені үшін материал жолданған. Зардап шегуші – елорда тұрғынына келтірілген жалпы шығын көлемі 9 млн теңгені құраған.
Тергеу барысында алаяқтық жолмен жымқырылған қаражат үшінші тұлғаның есепшотына аударылғаны анықталған. Оның ішінде 400 мың теңге Семейдің 19 жастағы тұрғынының атына рәсімделген шотқа түскен.
Жас жігіттің айтуынша, қазан айында оған интернет арқылы табыс табу ұсынылған. Онлайн-платформаға тіркеліп, мессенджер арқылы байланысқан белгісіз адамдар «жұмыс» ретінде оның жеке деректерін сұраған. Нәтижесінде, олар жігіттің есепшотын қылмыстық жолмен алынған ақшаны қабылдау үшін пайдаланған.
Қазіргі уақытта полиция жас жігіттің алаяқтық схемаға әдейі қатысқан-қатыспағанын анықтап жатыр. Абай облыстық полиция департаменті банк картасын, шот деректерін, қосымшаларға қолжетімділікті немесе жеке мәліметтерді бөгде адамдарға беру – заңсыз әрекет екенін ескертті. Мұндай тұлғалар алаяқтардың ақшасын өткізуші дроппер ретінде танылып, заң алдында жауапкершілікке тартылады.