Астанада ер адам аулада оталып тұрған бөтен біреудің көлігін айдап кеткен
Кілті оталдырғышта қалған көлік ұрланды
Елордада полиция қызметкерлері автокөлік құралын заңсыз айдап әкетуге күдікті 31 жастағы ер адамды ұстады. Көлігінің жоғалғаны туралы қала тұрғыны полицияға арызбен жүгінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті тұрғын үй ауласында тұрған автокөлікті заңсыз иемденген. Анықталғандай, көлік қараусыз қалдырылған, ал кілті оталдырғышта болған.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Ұрланған автокөлік табылып, заңды иесіне қайтарылды.
«Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарға сақтық шараларын сақтаудың маңыздылығын ескертеді: көліктің кілтін ішінде қалдырмау, автокөлікті қараусыз қалдырмау және мүмкіндігінше қосымша қорғаныс құралдарын пайдалану қажет», – делінген қалалық ПД хабарламасында.