ШҚО-да жүк көлігі жолдан шығып кетіп, аударылып қалды
Оқыс оқиға Өскемен-Самар тасжолында болды
ШҚО-да жүк көлігі жол жиегіне шығып кетіп, аударылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 22 желтоқсан күні сағат 16:00 шамасында Өскемен-Самар тасжолының 112-шақырымында Shacman жүк көлігінің жүргізушісі қауіпсіз жылдамдықты сақтамай және күрделі ауа райы жағдайын ескермей, жолдың жиегіне шығып кеткен. Соның салдарынан көлік аударылып қалған.
Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері жедел жетті. Олар қауіпті аумақты қоршауға алып, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Сонымен қатар жүргізушіге көмек көрсетіп, жүк көлігін қар құрсауынан шығару шараларын қабылдады. Қазіргі уақытта аталған жол учаскесінде қозғалыс толық қалпына келтірілді.
«Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, ауа райының қолайсыздығын ескеруге және қала сыртындағы жолдарда барынша мұқият болуға шақырады», – делінген облыстық ПД хабарламасында.