Алматыда Armani брендінің қымбат күртешесін ұрлаған ер адам ұсталды

Автор: Асыл Арман

Ол тауарды дабыл жүйесінің қосылмауы үшін фольгаға орап, алып шығармақ болған

Фото: Алматы қаласы ПД

Алматы қаласындағы сауда үйлерінің бірінде жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері құны 200 мың теңгеден асатын қымбат күртешені ұрлаған ер адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Күдікті тауарды дабыл жүйесінің қосылмауы үшін фольгаға орап, алып шығармақ болған.

«Қызметкерлер оқиға орнына жақын маңда болып, күдікті әрекетті бірден байқаған. Олар күдіктіні дүкеннен шығып үлгермей тұрып жедел түрде ұстады. Жеке құрам үйлесімді әрі шапшаң әрекет етті. Басты мақсат – ұрлықтың алдын алу және сауда орындарындағы келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мұндай шаралар сауда нысандарында жасалатын қылмыстардың жолын кесуге мүмкіндік береді», — деді Алматы қаласы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының командирі Азамат Есерғожин.

Қазіргі уақытта ер адам Медеу ауданы Полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімі қызметкерлеріне одан әрі тексеру жүргізу үшін тапсырылды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.