Ақтауда спортшының сыйақысына қатысты дау шықты
Оған қатысты қандай шешім қабылданғаны белгілі болды
Маңғыстау облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 2025 жылы тауарлар мен қызметтерді алу кезінде құқықтары бұзылған азаматтардан бірнеше өтініш түсті. Әрбір жағдайда тиісті шаралар қабылданып, нәтижесінде тұтынушыларға келтірілген материалдық шығын толық көлемде өтелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылғы 12 қазанда Ақтау қаласында өткен спорттық жарыстың қатысушысы өтініш білдіргеннен кейін оның сыйақысын алу құқықтары қалпына келтірілді. Спортшы екінші орынға ие болып, 250 000 теңге көлемінде сыйлыққа құқыққа ие болды, алайда төлем екі айға жуық уақыт жасалмаған. Өтініш қаралып, ұйымдастырушылармен жұмыс жүргізілгеннен кейін, қаржы толық көлемде төленді.
«Сонымен қатар, Ақтау қаласының тұрғыны Instagram желісі арқылы сатып алған тауар сапасыз болғаны туралы шағымданды. 110 000 теңге тұратын күміс сағат сипаттамаларына сәйкес келмеді, ал сатушы байланысқа шықпай қалған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тауар құны тұтынушыға толық қайтарылды.
Департамент сонымен қатар Түркиядағы жоғары оқу орнына баласын оқуға жіберу үшін виза, медициналық сақтандыру және тілдік курс қызметтерін төлеген ата-аналардың өтінішін қарады. Сапардың мүмкін болмауына байланысты қызмет көрсетуші компания 310 000 теңгені қайтарудан бас тартты. Өтініш қаралған соң, қаражат толық көлемде қайтарылды.
Тағы бір жағдайда тұтынушы тауарды алғаннан кейін оның зақымдалғанын анықтап, құқықтарын қорғау үшін уәкілетті органға жүгінді. Тексеру нәтижесінде сатып алушыға 400 000 теңге қайтарылды», – делінген департамент хабарламасында.
Маңғыстау облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда азаматтар заңда белгіленген тәртіппен қорғауға жүгінуге құқылы екенін еске салады. Барлық өтініш Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қаралады.