$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.07.2020, 16:25
Жаңалықтар

2020 жылдағы ең ірі айыппұл Мәдениет және спорт министрлігінің экс-хатшысына салынған

Биыл жарты жылда ауыр жемқорлық қылмысының саны 3 есеге өскен

2020 жылдағы ең ірі айыппұл Мәдениет және спорт министрлігінің экс-хатшысына салынған

2020 жыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері ең ірі айыппұлды Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Уәлиевке салған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов мәлімдеді.

«Уәлиевке салынған айыппұл құны 411 млн теңгені құраған. Ал, Ұлттық экономика экс-министрінің ісімен пара беру фактілері бойынша сотталған Есмұқанов пен Смағұловқа осы кезеңдегі ең жоғары айыппұл – 672 млн теңге салынды. 2018-2019 жылдары және 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 1096 пара алушы сот үкімімен жалпы сомасы 8,6 млрд теңге айыппұлға сотталды. Айыппұлдың орташа мөлшері 8 млн теңгені құрады», - деді Жақсымбетов.

2020 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша тіркелген аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есеге өскен. Ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша өсім 10%-ды құрады. Жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесу 22%-ға артқан.

Талдау көрсеткендей, биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша Антикор қазынаға 33,2 млрд теңгені өтеді, бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен екі есеге артық (15,2 млрд теңге). Соңғы 2,5 жылда 74,6 млрд теңге немесе анықталған залалдың 91%-ы өтелген. Мысал үшін, бұл қаражатқа 37 мектеп немесе 70 балабақша салуға болады (есепке типтік мектептер мен орта мөлшердегі балабақшалар алынады).

Нұрлан Жақсымбетовтің айтуынша, мемлекетке келтірілген залалды анықтау, оның жолын кесу және өтеу жөніндегі барлық ауқымды жұмысты Антикордың небәрі 660 жедел қызметкері мен тергеушісі жүзеге асырған.

«2,5 жылдың ішінде олардың әрқайсысы орта есеппен 113 млн теңгені өтеді. Егер бұл көрсеткішті жедел-тергеу бөлімшелері офицерлерінің ай сайынғы орташа жалақысымен салыстырсақ, бір қызметкерден 9 есе қаржылық қайтарым аламыз», - деп атап өтті Департамент басшысы.

Н.Жақсымбетовтің сөзіне сүйенсек, бұл мемлекеттік қаражатты қорғау бойынша жұмыс тиімділігінің объективті және түпкілікті индикаторы.

«Жалпы, Антикордың 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жүргізген қылмыстық-құқықтық және алдын алудың кешенді жұмыстары 105 млрд теңгені жымқыру мен тиімсіз пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік берді. Қарқынды жұмыс жалғасады. Бюджет қаражатының мақсатты және тиімді жұмсалуын бақылау, сондай-ақ, жымқырудың уақытылы жолын кесу және залалды жедел өтеу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басым бағыттары болып қала береді», - деп тұжырымдады Н.Жақсымбетов.

Қалиева Айжан, Алматы.

Серіктес жаңалықтары