Оларды полиция қызметкері аман-есен құтқарып алды
Шығыс Қазақстан облысында таулы аймақта адасып кеткен тоғыз турист аман-есен табылды. Риддер қаласы полиция бөлімінің жедел кезекшісі Мейрам Азтаевтың жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында іздестіру жұмысы сәтті аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментіне Павлодар қаласының 68 жастағы тұрғыны Зоя Калиевадан алғыс хат келіп түсті. Ол өз хатында Риддер қаласы полиция бөлімінің жедел кезекшісі, полиция майоры Мейрам Азтаевқа мұқияттылығы, бейжай қалмағаны және жоғары кәсібилігі үшін шынайы ризашылығын білдірген.
Хатта баяндалғандай, оқиға 2025 жылғы 11 желтоқсанда Риддер қаласының маңындағы таулы аймақта болған. Тоғыз туристен құралған топ қарда жүретін техникалармен тауға сапарға шыққан. Олардың арасында Зоя Калиеваның ұлы да болған. Әдетте туристер кешкі уақытта хабарласатын, алайда бұл жолы белгіленген уақытта байланысқа шықпай, кері оралмаған.
«Алаңдаған ана полицияға жүгінуге мәжбүр болған. Қоңырауды Риддер қаласы полиция бөлімінің жедел кезекшісі, полиция майоры Мейрам Азтаев қабылдаған. Ол әңгіменің алғашқы минуттарынан-ақ жағдайды мұқият тыңдап, нақтылау сұрақтарын қойып, дереу әрекетке көшкен.
Полиция майоры жедел түрде іздестіру шараларын ұйымдастырды: туристердің тұрғылықты мекенжайын анықтау үшін учаскелік инспектор жіберілді, төтенше жағдайлар қызметімен байланыс орнатылды, өтініш ресми тіркеліп, барлық тартылған бөлімшенің жұмысы үйлестірілді. Сонымен қатар ол түн бойы өтініш иесімен байланыста болып, іздестіру барысы туралы ақпарат беріп, моральдық қолдау көрсеткен», - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция мен құтқару қызметтерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде спутниктік байланыс арқылы туристердің нақты орналасқан жері анықталды. Тоғыз адамның барлығы аман-есен табылып, үсік шалу белгілері тіркелмеген. Оқиға орнына қажетті құрал-жабдықтармен бірнеше техника бірлігі жұмылдырылып, құтқару жұмыстары сәтті аяқталды.