Президент су проблемасын шешу мәселесін көтерді
Қазақстан UN Water халықаралық ұйымын құруды ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның JICA агенттігінің Орталық Азиядағы күрделі су проблемасын шешуге қосқан үлесін бағалайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
«Ауыл шаруашылығының дамуы су қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Орталық Азия қазірдің өзінде су тапшылығын сезініп отыр. Соңғы жиырма жылда өңірде жан басына шаққанда сумен қамту көлемі шамамен 30 пайыз төмендеді. Оның үстіне су ресурстарының 70 пайызға жуығы – трансшекаралық. Каспий теңізінің тартылуы алаңдаушылық туғызады, ал Арал экологиялық апаты су ресурстарын ретсіз пайдаланудың салдары қандай қайғылы болатынын көрсетті», – деді Тоқаев.
Ол Қазақстанның Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) Орталық Азиядағы күрделі су проблемасын шешуге қосқан үлесін бағалайтынын әрі аталған беделді институтпен ықпалдастықты жалғастыруға ниетті екенін айтты.
Сондай-ақ президент Жапонияның су саласын автоматтандыру және цифрландыру тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытатынын мәлімдеді.
«Су үнемдеудің озық технологияларын алмасу, ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және Жерді қашықтан зондтау секілді аса маңызды шаралар қамтылатын Бірлескен су шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеуге болар еді. Қазақстан БҰҰ аясында жаңадан UN Water халықаралық ұйымын құруды ұсынды. Бұл су проблематикасымен айналысатын басқа да құрылымдардың күш-жігерін бір арнаға тоғыстырады», – деді президент.
Ол Жапондық саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерін, кәсіпкерлер мен сарапшыларды келесі жылы сәуір айында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырды.