Орталық Азияда қуатты агроөнеркәсіп кешені бұрыннан бар
Мемлекет басшысы орнықты ауыл шаруашылығы саласында бірлескен зерттеу платформасын құруды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
«Еліміз ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша мән береді. Орталық Азияда қуатты агроөнеркәсіп кешені бұрыннан бар. Сондықтан аймақ жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқара алады», – деді президент.
Оның сөзінше, Қазақстан Жапонияның ресурс үнемдеу технологиясына, шөлге төзімді дақылдар селекциясына, «ақылды» фермаларды дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытады.
«Осы орайда орнықты ауыл шаруашылығы саласында жапон ғалымдарының және сарапшыларының қатысуымен Зерттеу платформасын құруды ұсынамыз. Астанада қолданбалы ғылымдар саласында ғалымдар мен зерттеушілердің алғашқы кездесуін «Орталық Азия – Жапония» форматында ұйымдастыруды ұсынамын», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ президент Қазақстан Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын құптайтынын мәлімдеді.
«Орталық Азияда сирек кездесетін элементтер мен өзге де аса маңызды минералдардың мол қоры бар. Бұл әлемнің жаңа энергетикалық жүйеге көшуіне қажетті ресурс саналады. Өңіріміз таза әрі қуат үнемдейтін өндірістерді аталған ресурстармен қамтамасыз ете алады. Қазақстан Жапониямен қазба байлықтарды барлау, өндіру және өңдеу ісі бойынша ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі. Бұл ретте терең өңдеуге және орнықты өндіріс тізбегін қалыптастыруға ден қоя отырып, толыққанды өнеркәсіп кластерін құруға басымдық береміз», – деді президент.
Оның сөзінше, сондықтан Қазақстан Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын құптайды. Бұл бастама өндіріс үдерісін цифрландырып, экологиялық орнықтылықты арттырады.