Шу өзеніндегі Фурманов айналма каналы КСРО заманынан кейін алғаш рет тазаланып жатыр

Автор: Асыл Арман

Су ресурстары және ирригация министрі түсініктеме берді

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Еліміздің оңтүстігінде Шу өзеніндегі Фурманов айналма каналын соңғы 40 жылда алғаш рет механикалық тазалау жүргізіліп жатыр. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет қызметінің жылдық қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министр аталған жұмыс Түркістан облысының Созақ ауданын сумен қамтамасыз етуді жақсартуға, экологиялық су жіберу тиімділігін арттыруға және өңірдің экологиялық жағдайын қалпына келтіруге бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қатар Түркістан облысында «Қарақуыс» және «Бәйдібек-ата» су қоймаларының құрылысы жалғасып жатыр. Нысандарды 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл қосымша шамамен 69 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді.

«Қазсушар» компаниясы «Көксарай» қарсы реттегішіне жөндеу жұмыстарын аяқталды, бұл нысанның су жинақтау көлемін 2 млрд текше метрге дейін арттырады.