Астанада жаңа жыл мерекесіне орай жоспарланған дрондар шоуы өтпейтін болды
Ауа райына байланысты осындай шешім қабылданды
Астанада бүгін жаңа жылдық шыршаларды жағу шарасы өтеді. Осыған дейін мерекелік бағдарлама аясында дрон-шоу ұйымдастыру жоспарланған. Алайда қала әкімдігінің мәліметінше, ауа райының қолайсыздығына және мамандардың ұсынымына байланысты ол кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Астанада қар жауып, бұрқасын болуы, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін. Осыған байланысты көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және техникалық құралдарды сақтау мақсатында дрондардың ұшуы уақытша тоқтатылды.
«Қалған мерекелік іс-шаралар жоспарға сәйкес өтеді. Биыл елордадағы жаңа жылдық бағдарлама «Ертегі Fest» атты бірыңғай ертегілік стильде ұйымдастырылып отыр. Қаланың алты ауданында бір мезетте 40-тан астам жаңа жылдық шыршаның шамы жағылады. Барлық алаңда мұз айдындары, сырғанақтар, фотоаймақтар, шағын сәулет нысандары және өзге де мерекелік орындар жұмыс істейді.
Негізгі алаңдардағы концерттік бағдарламалар сағат 17:30-да басталады», – делінген қала әкімдігінің хабарламасында.