БҚО-да боранды түні бір үйір жылқы суға түсіп кетіп, қырылып қалды (ВИДЕО)
Оқыс оқиға Қазталов ауданында болды
Әлеуметтік желілерде Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына қарасты Саралжын ауылында бір үйір жылқының қырылып қалғаны туралы видео тарады. Куәгердің айтуынша, өткен демалыс күндері өңірде боранды түні жылқылар су айдынына түсіп кетіп, сыртқа шыға алмай қалған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты кейбір жануарларды мұз құрсауында қалған, ал жылқылардың басым бөлігі қырылып қалған.
Аталған ақпаратты Қазталов ауданының әкімдігі растады. Қазіргі уақытта қырылған мал саны есептеліп, келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр. Аудан әкімдігінде тұрғындарға қолайсыз ауа райы туралы алдын ала ескерту жасалғанын және малды қорада ұстау қажеттігі ескертілгенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта қырылған малдың саны мен келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр. Аудан әкімдігі тұрғындарды алдын ала ескертіп, малды қорада ұстауды ескерткен болатын. Алайда тұрғындардың бәрі дерлік бұл талапты орындамаған. Боран кезінде кейбір мал басы ашық жайылымда қалған. Қазірше бұл малдың қай шаруа қожалығына тиесілі екенін анықтау мүмкін болмай отыр», – деп хабарлады аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.