СҚО-да 84 жастағы әжей үйімен бірге өртеніп кетті
СҚО-да өрттен 84 жастағы зейнеткер қаза тапты
Солтүстік Қазақстан облысындағы Гаршино ауылында өрт салдарынан 84 жастағы зейнеткер көз жұмды. Қайғылы оқиға 16 желтоқсан күні таңғы уақытта болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.
Құтқарушылар оқиға орнына жеткен сәтте тұрғын үй толықтай өртке оранған. Өрт сөндіру барысында үй иесінің – 1941 жылы туған әйелдің мәйіті табылды. Өкінішке қарай, зейнеткерді аман алып қалу мүмкін болмады.
«Өрт таңғы сағат 6:03-те толықтай сөндірілді. Тілсіз жаумен күреске ТЖД бөлімшелері мен «СП Гаршино» ЖШС-нің ерікті өртке қарсы жасағы жұмылдырылды. Жалпы сегіз адам және үш бірлік техника тартылды», – деп хабарлады СҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Өрттің шығу себептері мен келтірілген материалдық шығын көлемі анықталып жатыр. Оқиға бойынша тексеру басталды.
Құтқарушылар тұрғындарды, әсіресе қыс мезгілінде жеке үйлерде өрт шығу қаупі жоғары болатынын ескертіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.