Қазақстанда биыл 60,8 мың тонна алюминий өңделді – вице-министр
Ел ішінде мырышты қайта өңдеу 4 есеге өсті
Шикізатты жеңілдікпен беру тетігін енгізудің арқасында ел ішінде мырышты қайта өңдеу 4 есеге, мыс 27%-ға, алюминий 60,8 мың тоннаға өсті. Мемлекет басшысының шикізатты қайта өңдеуді дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау нәтижелері туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Үкіметтің жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа механизм зауыттарға жеңілдіктер беру арқылы дайын өнім өндіруді ынталандырады: дайын өнімдер үшін 5% және аралық өнімдер үшін 1% жеңілдік қарастырылған.
«Қазірдің өзінде 30 келісім жасалды және ішкі қайта өңдеу көлемі сенімді түрде өсуде. Біз отандық кәсіпорындар үшін жеңілдікті шарттармен қолжетімді шикізат тізбесін одан әрі кеңейту жолдарын қарастырамыз», – деді Олжас Сапарбеков.