Халықаралық іздеуде болған: Қазақстан азаматы Пхукет аралында тығылып жүрген жерінен ұсталды
Ол 15 желтоқсан күні қонақүйде ұсталды
Алаяқтық іс бойынша халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Таиландтың Пхукет аралында ұсталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі The Thaiger басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
БАҚ дерегінше, Таиланд полициясы өз елінде қылмыстық жауапкершіліктен бой тасалап жүрген күдіктіні Пхукет аумағында қолға түсірген. Оның ықтимал жүрген жері туралы ақпарат Пхукет провинциясының көші-қон қызметіне түскеннен кейін жедел іздестіру шаралары басталған.
Дүйсенбі, 15 желтоқсанда құқық қорғау органдары Муанг ауданындағы қонақүйлердің бірінен күдіктінің орналасқан жерін анықтап, оны ұстаған.
Ұсталғаннан кейін Таиландтың көші-қон органдары оның ел аумағында болуына берілген рұқсат күшін жойды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының елшілігімен бірлесіп, күдіктіні елге қайтару және оны отанында сотқа тарту мәселесі пысықталып жатыр.