Алматыдан Шымкентке таксимен есірткінің ірі партиясы тасымалданған
Есірткі салынған 62 орама табылды
Шымкент қаласында Полиция департаментінің қызметкерлері Алматыдан Шымкентке синтетикалық есірткінің ірі партиясын жөнелтуді ұйымдастырған тұлғалардың заңсыз әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу барысында күдіктілер психотроптық заттарды сорғы жабдығының ішіне жасырып, сәлемдеме ретінде қалааралық такси арқылы жібергені анықталды. Аталған бағыт полициямен анықталып, тексеру кезінде техника ішінен жалпы салмағы 2 келіні құрайтын синтетикалық есірткі салынған төрт пакет тәркіленді.
Сонымен қатар, ұсталғандардың бірінің тұрғылықты мекенжайынан байланыссыз тәсілмен өткізуге арналған синтетикалық есірткі салынған 62 орама табылып, тәркіленді.
«Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда жайт бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде», – делінген қалалық ПД хабарламасында.