Астана әуежайында жолаушылар неге эвакуацияланған - ресми себебі белгілі болды

Автор: Аягөз Құрмаш

Терминалда жоспарлы оқу-жаттығу өткен

Фото: Астана халықаралық әуежайы

Астана халықаралық әуежайының өкілдері ғимараттан жолаушылардың шұғыл эвакуациялануы өртке байланысты болды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, нысанда жоспарлы оқу-жаттығу өткен. 

«Кейбір БАҚ-та тараған «Астана әуежайында өрт қаупіне байланысты жедел эвакуация болды» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Әуежайда хабарландыру жүйесін тексеру және қызметтердің өзара іс-қимылын пысықтау мақсатында жоспарлы оқу-жаттығу өтті. Барлық жолаушылар мен келушілер оқу дабылы жөнінде алдын ала хабардар болған», – деп хабарлайды әуежайдың баспасөз қызметі. 

Қазір әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп тұр: жолаушыларға қызмет көрсету мен әуе рейстеріне қатысты қандай да бір кедергі жоқ. Әуежай әкімшілігі ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырды.