46 шахтер қаза болған апат: Костенко шахтасындағы жарылыс бойынша сот үкімі жарияланды
Қарағанды облыстық сотында Костенко шахтасындағы жарылыс ісі бойынша апелляциялық қарау өтті
Қарағанды облыстық соты Костенко шахтасындағы жарылыс фактісі бойынша қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарады. Қылмыстық істер жөніндегі алқа тамыз айында шығарылған үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іске шахта директоры, оның орынбасарлары, бас инженер, учаске басшылары және тау-кен жұмысын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау жауапкершілігін алған басқа да қызметкерлер қатысты. Тергеу барысында өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу жарылысқа алып келгені анықталды. Жарылыс нәтижесінде 46 шахтер қаза тауып, 26 адамға жарылыс толқыны мен көмір шаңының жануынан пайда болған көмірқышқыл газы әсерінен ауыр және орташа ауырлықтағы жарақаттар келді.
Еске салсақ, осыған дейін Қарағанды соты барлық айыпталушыларды ҚР ҚК-нің 277-бабының 3-бөлімі бойынша кінәлі деп таныған. Оларға 5-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазалар тағайындалды. Сонымен қатар, сотталғандар үш жыл мерзімге тау-кен саласындағы жетекші қызметтерді атқару құқығынан айырылды.
Сот сотталғандар мен олардың қорғаушыларының шағымдарын қарап, үкімді өзгертуге негіз таппады. Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, бірінші сатыдағы шешімі заңды күшіне енді.
Қарағанды көмір бассейніндегі ең ірі трагедия 2023 жылғы 28 қазанда болды. Сағат 02:36-да Костенко шахтасында 700 метр тереңдікте метан-әуе қоспасынан от шығып, артынша жарылыс болды.