Депутат әлеуметтік қызметкерлердің жалақы мәселесін қайта көтерді
Ол үкіметке бірқатар ұсыныс айтты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев жалақыға жарымаған әлеуметтік қызметкерлер хақында депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мәжілістің мінберін мүдірмей бақылайтын бұқара «бұл тақырыпты қыркүйекте айттыңыз» деуі мүмкін. Дұрыс. Бірақ қыркүйектегі сауалға келген жауап қарынды ашырды, қадірді қашырды. Үкіметтің үкімімен келген мына жауап-хатқа қарасам әлеуметтік қызметкерлер қымбатшылық атаулыға пысқырып та қарамайтын ауқаттылардың тізіміне кіріп кеткендей. Жауаптың бір бұрышында жалақылары 3 жылда 2 есе өсті дейді, енді бір бетінде 2021 жылы 40 пайызға айлықтары артты деп жазылған, тағы бір тұсында соңғы 4 жылда жалақылары 2 есе өсті делінген. Қағазда қатып тұр. Бірақ сол жалақыны балалары тастап кеткен қарияларға қарайтын әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы мамандар мен ерекше балаларды емдеумен, оларды аяққа тұрғызумен шұғылданатын мекемелердің қызметкерлері көрді ме екен? Оларға айтылғандай айлық берді ме екен?», - дейді депутат.
Оның айтуынша, бұл еліміздегі 500-ден астам әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы 10 мыңнан аса әлеуметтік қызметкердің жанайқайы.
«Түйені жел шайқаса ешкіні көктен ізде» демекші, алдымен Астанадағы ахуалды аңғардық. «Шарапат», «Жансая» секілді орталықтарға Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитеті болып аяқтай бардық. Жауап-хаттағы жазба мен бен көзбен көргеніміздің арасы жер мен көктей болды. Себебі ерекше балалармен жұмыс істейтін, оларды емдейтін, жаттықтыратын, күн сайын жүздеген баланы арнайы мекемеде, кейбірін үйіне барып оқытатын әлеуметтік қызметкерлердің орташа жалақысы 180 мың теңге екен. Салдарынан соңғы 1 жарым жылда 1 орталықтағы 110 қызметкер жұмыстан кеткен, қазір 50 штат бос тұр. Жарытпайтын жалақыға ешкімнің келгісі жоқ», - дейді Сәрсенғалиев.
Ол атағандай, қариялардың жағдайын жасайтын әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 110 мың теңге.
«Салдарынан ол жаққа ешкім жұмысқа бармайды. Бұл тек Астанадағы емес, еліміздегі барлық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына тән жағдай екенін еске саламын.Аталған проблемаларды шешу үшін, ағайынның айлығы өсу үшін 1193 деген бұйрықты түзету керек, бірақ оған Үкімет үкім етер емес. Қыркүйекте алған жауаптың сыйқы соған саяды. Сол себепті әлеуметтік қызметкерлердің әл-ауқатын жақсартудың тағы бір соны тәсілдерді жолдамақпын. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту АМАНАТ партиясының жіті бақылауында екенін де еске салғым келеді», - дейді ол.
Осыған орай депутат бірқатар ұсыныс айтты:
- Үкіметтің 1193 бұйрығын өзгертіп Күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкерлердің, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттардың, орта медицина қызметкерлерінің (ЕДШ нұсқаушысы, массажист) (жалпы әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің) жалақысын көтеру керек.
- Әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеру үшін әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын етіп қайта құру мәселесін қарастыру керек.
- Әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына қосымша ақылы түрде қызмет көрсетуге мүмкіндік беру қажет. Мысалы Астанадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 60 қария ақылы түрде тұрады, бала-шағасы айына 106 000 теңгеден төлейді. Бірақ бұл ақшаны орталық қызметкерлердің жалақысына жұмсай алмайды. Сондықтан қарияларды ақылы күтуден түскен қаражатты қызметкерлердің жалақысын жұмсауға мүмкіндік беру керек.
- «Күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкер» деген лауазымдық атауды «Әлеуметтік қызметкер» атауына ауыстыру қажет. Бұл мамандардың талабы.