«Мал суаруға кеткен»: Батыс Қазақстанда жоғалған адам қыстаудан табылды
Өзімен бірге ұялы телефон болмаған
Батыс Қазақстан облысында мал суаруға кетіп, жоғалып кеткен ер адам 30 км жердегі қыстаудан табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше бүгін таңертең облыстық ТЖД-ның 112 пультіне полициядан Жаңақала ауданында 1971 жылы туған ер адамның жоғалғаны туралы хабарлама түскен.
Алдын ала мәлімет бойынша ол 15 желтоқсанда мал суару үшін елді мекеннен шамамен 5 км қашықтықта орналасқан құдыққа қарай шығып, қайта оралмаған. Өзімен бірге ұялы телефон болмаған.
«Іздеу-құтқару жұмыстарының нәтижесінде ер адам бастапқы іздеу аймағынан 30 км қашықтықта, Ақжайық ауданына қарасты «Бахас» қыстауынан табылды», - деп жазылған хабарламада.
Жағдайы қанағаттанарлық. Оған медициналық көмек қажет болмады.
Айта кетері, іздеу жұмыстарына БҚО ТЖД күштері, ҚР ТЖМ 20982 әскери бөлімінің 2-құтқару батальоны, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты. Іздеу жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Сонымен қатар әуеден барлау жүргізу үшін ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы жедел түрде жұмылдырылды.